
Бүгін аудан әкімі Арман Сәбитов Орталық перзентханаға барып 14 қарашада өмірге сәби алып келген аналарды арнайы құттықтап, жылы лебізін жеткізді. Бұл күні ауданда 11 бала дүниеге келді, оның ішінде 7 қыз, қалған 4 ұл.
Халықтың деректер базасының мәліметіне сай 2023 жылдың 14 қарашасында Қазақстанда халық саны 20 милллионға жетіп, тарихи оқиға тіркелді. Бұл күні Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында таңғы сағат 8.10-да туған 5 бала еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанды. Осыған орай аудан әкімі Арман Сәбитов сол күні ауданда дүниеге сәби әкелген аналарды құттықтады: «Бұл әрине Еліміз үшін үлкен қуаныш. Сүйінші сұрайтын жаңалық. Шын мәнінде. Еліміздің демографиялық дамуына сайрамдық аналардың да үлесі зор. Биыл ауданымызда 5050 сәби дүние есігін ашты. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келуде. Сәбилеріңіздің бауы берік болсын! Еліміз өркендей берсін!»,-деп айтты аудан басшысы.
Еске сала кетсек, 1991 жылы Қазақстан Республикасының халық саны 16,4 млн адамды құрады. Тәуелсіздік жылдарында ел халқы 22,3% өсті. Мәселен, 2022 жылы 1991 жылмен салыстырғанда туу саны 353,2 мыңнан 403,9 мың адамға дейін немесе 14,7% өсті.
Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметі
