Өзіңді дүниеге әкелген ата-анаңды сыйлау – әрбір перзенттің қастерлі парызы. Ал ата-ана үшін қартайғанында балаларының кейіп сөйлеуі немесе тікбақайланып бетінен алуы, әкесінің не шешесінің тілін алмай қарсы шығуы да жиі ұшырасып қалып жүр. Қасиетті Құранда мұндай істен бізді қайтаратын сүре бар. «Егер олардың біреуі немесе екеуі бірдей қолыңда қартайса (оларды ауырсынып немесе жақтырмаған сыңай танытып), тіпті «туһ» деп те кеюші болма, сондай-ақ Оларға тек көркем сөз сөйле» («Исра» сүресі, 23-аят) деп ескертеді. Ал мұны перзенттер қалай орындап жүр?
Адам ет пен сүйектен жаралған соң оның да шаршайтын, көңіл-күйі болмайтын кездері болады. Қам сүт емген пендеде көркемдікпен қатар кемшілік те қатар жүреді. Шаршап не көңілдегісі болмай тұрғанда қай ата-ана бұзақылық жасаған баласына ұрсуы, тіпті қатты да айтып тастауы мүмкін. Мұндайда перзенті қарсылық танытып, өзінің есейіп қалғанын алға тартып жатады. Біздің сүйікті пайғамбарымыздан сахабалары «Айтыңызшы, я Расулалла! Үлкен күнәлардың ең ауыры қайсысы?» деп сұрапты. Сонда пайғамбарымыз «Ата-анаға қарсы шығу» деп жауап берген екен.
Иә, бүгінде қасиетті дініміз сан тарауға бөлініп, адамдардың кейбірі адасып жүр. Бірақ қасиетті Құран мен пайғамбарымыздың хадистері тұнып тұрған тәрбие, өмір жолы. Әке-шешесін сыйлай алмаған перзент өзгелерді құрметтей ала ма? Әрине, жоқ. Әке-шешесін сыйламайтын перзентті басқалар да үлгі тұтпайды.
Өмірде не кездеспейді дейсіз? Жуырда бір жағдайды естіп, жағамды ұстадым. Дәулетті бір кәсіпкер (көпшілікке танымал азамат) қартайған шешесін қарттар үйіне өткізіп жіберіпті. Өзі шешесін іздеп қарттар үйіне бірде-бір рет бармаған көрінеді. Қарттар үйіне келушілер әлгі кейуанадан «әже, балаларыңыз бақуатты ғой, неге мұнда жатырсыз? Сізге бір бөлме бұйырмады ма?» деп сұраса, «балам-ау, ол үйде маған орын жоқ. Баламнан бастап келінім, немерелерім мені көзге шыққан сүйелдей көреді. Ол үйде мен не істеймін?» депті. Иә, анасын бақуатты кезінде пайдаланып, бойынан әл-қуат кеткенде, түкке де керегі жоқ етіп тастайтын осындай перзенттерден сақтасын.
Осыны естіп, көпке дейін күйзелісте жүрдім. Өзіңді өмірге әкелген, бағып-қаққан әке-шешемізді төбемізге көтерсек болмас па? Мына алмағайып заманда жастардың тәрбиесіне жіті көңіл бөліп, ұлттық салт-дәстүрлерімізді олардың бойына терең сіңіріп отыру керек-ақ.
Безбүйрек балалар қайдан шығады? Меніңше, тәрбиенің таяздығынан шығады. «Қайтсем, бала-шағамды асыраймын?» деп күні-түні жұмыста жүретін ата-аналардың перзент тәрбиесіне жіті көңіл бөле алмайтыны да рас. Сондықтан мемлекет болып, ата-аналар, оқу орындары жастар тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетін кез келді.
«Бала – болашағымыз!» десек, тәрбие жұмысын бүгіннен бастайық.
Нұрқасым ОМАРБЕКОВ
