
Биыл облыстық ардагерлер кеңесі жанынан «Әжелер алқасының» шаңырақ көтеріп, өз алдына отау тіккеніне 10 жыл толып отыр. Аталған алқа 2013 жылы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұловтың бастамасымен ірге көтерген болатын. Содан бері әжелер алқасы жастар тәрбиесіне атсалысып, ұмыт болып бара жатқан ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымызды жандандыруға, әжелерге деген құрметті орнықтыруға күш салды. Нәтиже жаман емес, ел ішінде, әрбір отбасында әжелердің беделі, мәртебесі артты. Ақ жаулықты әжелеріміздің тек бір жанұяның ғана емес, әулеттің, ауыл-аймақтың сыйлы, қадірлі тұлғасы, аналардың анасы екеніне шүбә жоқ. Оның ішінде, әжелер алқасы – бүгінгі қоғамның баға жетпес байлығы, отбасылық тәрбиенің қайнар көзі.
Осы онжылдық мерейтойлық датаға орай, Түркістан облысы бойынша «Әжелер алқасы» қоғамдық ұйымының бастамасымен әрбір ауданда «Әжелер – ұлт ұйытқысы» атты облыстық әжелер форумы өткізілді. Осындай ауқымды іс-шара «ақ алтынды» Мақтааралда да өтті. Форумды өткізудегі басты мақсат – аға буынның өмірлік тәжірибесін пайдалана отырып, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпын елге кеңінен насихаттау, жас ұрпақты иманды да ибалы, парасатты, білімді азамат етіп тәрбиелеуге аға буынның ақыл-кеңесін, өнегесін арқау ету еді.
Мақтааралдық әжелер алқасы бұл іс-шараға ерекше әзірлікпен келгенін байқатты. Аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ғимараты алдындағы алаңқайға ақшаңқан киіз үй тігіліп, көрнекті жерге бильборд ілініпті. Алыс-жақыннан келген форум меймандары көз жауын алатын хош иісті әсем гүлдер көрмесін тамашалады. Округтерден келген ісмер әжелердің түрлі қолөнер бұйымдары да көпшілікті өзіне баурай түсті. «Жастар орталығының» көрермендер залына жиналған ақ кимешекті әжелердің көңіл-күйі көтеріңкі, мерекеге қуанышпен келіп, әрбірі сахнада ән айтып, би билеп, өз өнерлерін паш етуге құмбыл екенін байқатты. Сахнаға алғаш болып шыққан Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова әжелер қауымын мерейтоймен құттықтап, ізгі тілегін арнады.
Аудандық әжелер алқасының төрайымы Шахзада Құрбанбаева Мақтаарал ауданы тарихи қалпына келіп, қайта шаңырақ көтергеннен бергі бес жылда әжелер алқасының ұйытқы болуымен атқарылған жұмыстарды баяндады. Аудандағы әжелердің басын қосып, қазақтың ұлттық салт-дәстүрін бүгінгі заманмен ұштастырып, ана мен қыз, ене мен келін арасындағы тәлім-тәрбиеге негізделген көптеген іс-шараларды өткізуге мұрындық болған қоғамдық ұйымның абырой-беделі жоғары. Тиянақты, жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
Жастар тәрбиесіне елеулі үлес қосу мақсатында «Батамен бағың ашылсын», «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі», «Қызым, саған айтамын…», «Қыз – болашақ ана», «Үйлену оңай, үй болу қиын», тағы басқа да тағлымды іс-шаралар өтті. Қазақтың ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлерін сахналық көрініс арқылы елге ұғындырып, насихаттау да өзінің зор тиімділігін көрсетті. Әжелер алқасының осынау келелі жұмыстары бейнеролик арқылы әспеттелді.
Мерекелік форумның концерттік бағдарламасында әжелеріміз әуезді халық әндерін әуелете шырқады. «Асыл әжелер» тобы орындаған халық әні «Сәулем-ай», Достық ауылдық округінен келген әнші Әбдімәулен Қасымов ағамыз шырқаған «Дудар-ай», «Атамекен», Ж.Нұрлыбаев ауылдық округінен Рахия Асқарова мен Атакент кентінен әнші Қымбат Избаева айтқан «Ел, аман бол», «Айналдым, елім» әндерін тыңдармандар сүйсіне тыңдады. Әжелер хоры ұжымы «Мақтааралым» және попурри әндерін тамылжыта орындады.
Іс-шарада дәстүрлі әнші, термеші, республикалық, облыстық ән байқауларының лауреаты Роза Мұратованың орындауындағы Б.Кеттебековтің «Жастарға өсиет» термесі жастарды баурай түсті.
Сахналық көріністе өнерлі әжелеріміз «Жиенқұрық», «Көгенжұп», «Құрсақ шашу», «Ерулік» секілді тіні үзілмей жалғасып келе жатқан салт-дәстүрлерімізді тамаша сомдап, көрермендерді тәнті етті. Көріністе кейіпкерлерді кәнігі актерлерден кем түспей бейнелей білген Гүлжар Жанысова, Алмаш Момбекованың өнеріне көрермендер риза болды.
Іс-шараны түйіндеген «Әжелер алқасының» төрайымы Фатима Тілеубердиева мен алқа төрайымының орынбасары Дана Орманова ізгі лебіздерін білдіріп, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып жүрген бір топ әжені Алғыс хатпен марапаттады. Жиын соңында Ж.Нұрлыбаев ауылдық округінің ақсақалы Қалмаханбет Серіков ақ батасын берді.
Енді аяулы әжелердің форумы осы жылдың соңғы айларында киелі Түркістанда өтпек. Бұл жиында облыстың әжелері бас қосып, жас ұрпақ тәрбиесі бойынша пікір алмасып, ұлттық салт-дәстүрлерімізді насихаттайды.
Сәбит Қалдыбаев
Мақтаарал ауданы.
