
Отбасы – шағын мемлекет. «Отан — отбасынан басталады» деген нақыл сөзді басшылыққа алар болсақ, алдымен Отанды құрайтын шағын мемлекеттердің іргесі мықты болу керек. Бір шаңырақ астында берекелі өмір сүріп, ел ішінде ешқашан жұптарын жазбай жарасымды жанұя құндылықтарын дәлелдеген отбасылар бар.
Солардың бірі кентаулық Нұрдаулет пен Динараның жанұясы. Бүгінде 8 ұл-қызды дүниеге әкелген көпбалалы ата-ана көпке үлгілі.
Шаңырақтың отағасы Нұрдаулет Дінислам 1977 жылы, жұбайы Динара Аймбекова 1986 жылы дүниеге келген. Тағдыр тоғыстырған қос жұп 2006 жылы шаңырақ көтерген. Бүгінде 4 қыз, 4 ұлды тәрбиелеп, елдің демографиясына айрықша үлес қосқан жандар. Балалардың екеуі әлі мектеп жасына жетпеген болса, қалған балалары мектеп қабырғасында білім алады.
Шаңырақтың тірегі Дінислам инженер- құрылысшы. Отбасының ұйытқысы Динараның мамандығы юрист.
Алайда, бала тәрбиесінде жүрген отанасы, үйде құр қарап отырмай мемлекеттің ұсынған қолдауын тиімді пайдаланып отыр. 2019 жылы аспазшы мамандығы бойынша курс оқып, мемлекеттік грант жеңіп алады. Содан кішігірім наубайхана кәсібін ашады. Қәзіргі таңда, түрлі тәтті нандар, бәліштің түр-түрін тапсырысыпен пісіріп сатылымға шығаруда. Отбасылық кәсіпке айналған аспаздықты үлгілі ана қыздарына да үйретіп жатқан жайы бар. Көпке үлгілі жанұяда болашақ еңбекқор ұрпақтар өсіп келеді.
Кентау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
